Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 317 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 60) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3 Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен сон қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 317 қаулысымен
бекітілген
Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесі
1. Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесі тасымалдау кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығына, ұшу немесе мүлік қауіпсіздігіне зиян келтіретін немесе қауіп төндіретін қауіпті заттар мен бұйымдарды, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерін азаматтық әуе кемелерінің бортына алып кіруді болдырмау мақсатында нұсқаулық материал ретінде пайдалануға арналған.
2. Қол жүгінде және багажда тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдар:
1) жарғыш және өзге де өлімге ұшырататын құрылғылар, құрамында жарылғыш заттар мен бұйымдар, құрамында сондайлары барлар, оның ішінде:
саны мен орамасына қарамастан, дәрілердің барлық түрлері;
гранаталар, миналар және жарақтардың барлық түрлері;
аңшы капсюльдері (пистондары) және тұтандырғыш капсюльдер;
пиротехникалық құралдар, оның ішінде петардаларды, бенгальдық оттарды, хлопушкаларды және ойыншық тапаншаларға арналған пистондарды, орнатылатын шашкаларды, түтінді оқтарды (шашкаларды) қоса алғанда, жарық бергіш ракеталардың кез келген түрі;
динамит, тол, аммонал, тротил және өзге де жарылғыш заттар;
капсюльдер, тұтандырғыштар, электр тұтандырғыштары, тұтандыратын электр тұтанғыштар және от өткізуші баулар;
2) радиоактивті заттар;
3) «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шілдедегі Заңына сәйкес есірткі заттар;
4) қысылған және сұйытылған газдар, оның ішінде тұрмыста пайдаланылатын газдар, мыналарды:
медициналық мақсатта пайдаланылатын, жолаушының денсаулығын қолдау үшін қажетті көлем шегіндегі оттегісі бар аэрозольдар және баллондар, жасанды кол-аяқтарды (протездерді) әрекетке келтіруге арналған қос тотықты көміртегі бар баллондар — дәрілік препараттарды;
өздігінен үрленетін құтқару кеудешелеріне арналған қос тотықты көміртегі бар баллондарды қоспағанда, аэрозольдардың барлық түрлері;
5. тез тұтанғыш сұйықтықтар мен заттар, оның ішінде ацетон, бензин, мұнай өнімдерінің сынамалары, метанол, метил эфирі, тежегіш сұйықтығы, күкірткөміртек, эфирлер және өзге де жеңіл тұтанатын сұйықтықтар, оның ішінде көлемі бойынша құрамында 70 %-дан артық алкоголі (күштілігі 140 %) бар алкогольді ішімдіктер;
6. тұтанғыш қатты заттар — оларға су тию әсерінен өздігінен тұтануы және өртенуі мүмкін жылу және жанғыш газдар шығаратын заттар:
калий, натрий, металл кальциі және олардың құймасы;
ақ, сары, қызыл фосфор, тұтанатын қатты заттар санатына жататын өзге де заттар;
органикалық тотық;
коллоидті нитроцеллюлоза;
7) улы және уландырғыш заттар:
кез келген улы, қатты әсер ететін және уландыратын сұйық немесе қатты күйдегі заттар, кез келген ыдысқа оралған: бруцин, никотин, стрихинин, тетрагидрофурфурилді спирт, антифриз, этиленгликоль, сынап, синильді қышқылдың барлық тұздары және цианды препараттар, циклон, циан құймасы, мышьяк ангидриді және өзге де қатты әсер ететін улы және уландыратын заттар;
8) жұқпалы немесе биологиялық қауіпті материалдар, олардан тұратын заттар және бұйымдар;
9) күйдіретін және тоттанатын заттар:
органикалық емес қышқылдар, оның ішінде тұз, күкірт, азот және өзге де қышқылдар;
фторлы-сутекті (плазикті) қышқыл және өзге де күшті қышқылдар және тоттанатын заттар.
3. Қол жүгінде және багаж бөлігінде тасымалдауға тыйым салынған жолаушылар үшін қолжетімді қауіпті заттар мен бұйымдар:
1) атыс (қол жауынгерлік ату, азаматтық және қызметтік) қаруының барлық түрлері, әрекеті электр қуаты, радиоактивті сәулелену және биологиялық факторларды пайдалануға негізделген қарулар; лақтыратын, электрлік, механикалық қару, оның ішінде ойық ұңғылы, тегіс ұңғылы, аралас, ұңғысыз, газды оқ дәрімен атылатын қару, пневматикалық сигнал беру және жаттығу қаруы, атыс қаруының бөлшектері (телескоптық көздеу құрылғыларын және көздеуішті қоспағанда); басқа заттарды имитациялайтын нысаны бар қарулар, сондай-ақ бекітуге арналған өнеркәсіптік тапаншалар, садақтар, арбалеттер, гарпундық мылтықтар және су астында аулауға арналған мылтықтар, атыс қаруы түріндегі оттықтар, сигнал беру ракетницалары, старт беру тапаншалары, уақытша жансыздандыру, естен тандыру және электрмен соғу әрекеті бар құрылғылар, керме ағаштар, сондай-ақ жоғарыда көрсетілгендерді имитациялайтын барлық көшірмелер мен бұйымдар (оның ішінде ойыншық түріндегі);
2) түйрегіш және кесетін қару, соғу-бытырату әрекеті бар заттар және ұшталған бұйымдар, сондай-ақ оларды имитациялайтын заттар:
қылыштар, үлкен пышақтар, наркескендер, палаштар, семсерлер, мачетелер, сапылар, найзалар, қанжарлар, кездіктер, стилеттер, кастеттер, кистендер, өзге де жүзді қарулар және пышақтың кез келген түрлері — оның ішінде техникалық және шаруашылық-тұрмыстық, балталар, жебе және жебе түріндегі зақымдайтын элементтер, оның ішінде лақтыратын жұлдызшалар, темір ілгектер, гарпундар, мұз шапқыштар, ұшталған металл ұштары бар сүйенетін таяқшалар, конькилер, пышақтар, скальпельдер, қауіпті ұстаралар, жүзінің ұзындығы 3 см артық қайшылар (басы өтпейтін немесе домалақталған, жүзінің ұзындығы 3 см кем қайшылар тасымалдауға жіберіледі), шаңғы таяқтары және жүруге/жаяу туризмге арналған таяқтар, өзге де тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы түйрегіш және кесетін нәрселер, оның ішінде кез келген материалдан жасалған, әлеуетті кару ретінде пайдалануға арналған барынша берік заттар, сондай-ақ оларды елестететін көшірмелер және нәрселер (оның ішінде ойыншық түріндегі). Жолаушыларға және экипаж мүшелеріне шабуыл жасау үшін пайдаланылуы мүмкін заттар, оның ішінде: түйрегіш немесе кесетін зат ретінде пайдаланылуы мүмкін бәрбілер және бұрғылар, аралардың барлық түрлері, бұрауыштар, монтировкалар, балғалар, атауыздар, сомын/иінтірек кілттері, дәнекерлегіш құрылғылар сияқты слесарлық-токарьлық және жұмыс құралдары;
3) атыс және газды қаруларға оқ-дәрілер, оның ішінде жауынгерлік оқтар, жарық дыбыстық, жарақаттық әрекеті бар, жалған, жарақталған аңшы оқтары;
4) өтпейтін ұштары бар бұйымдар: бейсбол, софтбол, крокет, поло ойындарына арналған соғу таяқтары, бильярд, снукер және пул ойындарына арналған киилер; тоқпақтардың (қатты немесе иілгіш) барлық түрлері және қоян-қолтық ұрыс құралдары; аулар, гольф ойынына және өзге де спорттық ойындарға арналған имек таяқтар;
ескектер, оның ішінде байдаркаларға және каноэға, скейтбордтарга арналған;
1)-3) тармақшаларға ескертпе:
мемлекеттік органдардың жекелеген санаттағы қызметкерлерінің қаруды және оқ-дәрілерді, сондай-ақ өзге тұлғалардың азаматтық, спорттық, аңшылық қаруларды (жолаушы әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған газды қаруларға оқ-дәрілерден басқа) тасымалдау тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 3 тамыздағы № 1176 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы қару мен оның патрондары айналымының ережесінде көзделген;
5) «Азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғауға арналған қауіпсіздік жөніндегі басшылық, ИКАО, 6-басылым, 2002 жыл «Қауіпті жүктер» 24-қосымшасына «А» толықтыруда анықталатын шектеулерге сәйкес құрғақ мұз; жүрек бұлшық еттерін ширататын немесе адам денесінде бар радиоактивті изотоптар және радиоактивті фармацевтикалық препараттар негізіндегі өзге де құрылғылар; ауруларды тасымалдауға арналған итергіш-кресло немесе аккумуляторлы батареялары бар басқа жылжымалы құралдар; газ және оларды толтыруға арналған газды элементтері бар шаш бұйралауға арналған ұстағыштар; сынапты барометрлер немесе термометрлер, медициналық немесе клиникалық термометрлер.
4. Қол жүгінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдар: сыйымдылығы 100 мл астам контейнердегі сұйықтықтар.
Ұшу уақытына қажетті мөлшердегі дәрілік препараттар, балалар тағамы мен арнайы диеталық қажеттіліктер, сондай-ақ әуежайда бажсыз сауда дүкендерінен немесе әуе кемесінің бортынан сатып алынған, ұшу кезінде пакеттің ішіндегіге рұқсатты көзбен шолып сәйкестендіруді қамтамасыз ететін, онда бұл сатып алу сапарға шығатын күні (күндері) әуежайдағы бажсыз сауда дүкендерінен немесе әуе кемесінің бортынан жүргізілгендігін анық растайтын (сатып алған тауардың чегі), берік мөрленген (пломбаланған) пластиктік пакетке оралған сұйықтықтар тасымалдау бойынша ерекшелікке ие болады.
5. Зауыттық орамасы, тиісті техникалық паспорты және сертификаты жоқ белгісіз құрамдағы заттар және сұйықтықтар.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК